| 22.06.2010 12:26 |
|
Ресейде қазақ ауылына ескерткіш стела орнатылды.Түмен өлкесіндегі қазақ қоғамдық ұйымдарының белсенділері – Түмен облысы Нижнетавдинск ауданындағы Қиыр Шығыстық Қызыл Армия атындағы ұжымшардың негізін қалаушылардың ұрпақтары – бұрынғы ауылдың ескі жұртына ескерткіш стеласын орнатты Түменнен 70 шақырымда орналасқан бұл ұжымшардың іргесі 1938 жылы қаланған болатын және кезінде шығыс шекараларда жапон самурайларына төтеп берген Қиыр Шығыстық Қызыл Армия құрметіне аталған еді. Ескерткіш стеланың ашылуы, Ұлы Отан соғысының басталған күні 22 маусымға сәйкес келіп отыр. Қазақстанның Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарынан қоныс аударушылардың Батыс Сібірде іргесін қалаған бұл ұжымшардың қазақ ауыл шаруашылығы артелі ретінде дамуына соғыстың басталуы кедергі жасаған болатын. Ер азаматтардың көпшілігі майданнан оралмады, ал әйелдер мен жас балалардың артелді дамытуға күш-қайраттары жетпеді, сөйтіп 1945 жылдың жазында артель жабылып қалды. Акция Ұлы Жеңістің 65 жылдығына және соғыста Отан үшін қаза тапқан жерлестерімізге арналады. 1944 жылдың ақпанында соғыстың алғашқы күндерінде өз еркімен сұранып соғысқа аттанған, ұжымшар төрағасы, командир Мырзағали Ақышевтің мерт болғаны туралы қара хабар жетті. Соғыстағы соңғы ұрысында ол өзінің зеңбірігімен фашистердің үш танкісін және оннан астам жаудың көзін жойып жіберді, екі блиндаждың тас-талқанын шығарды. Сондай-ақ, осы ұжымшардан аттанған басқа да азаматтар жаумен батырлықпен шайқасқан. Қиыр Шығыстық Қызыл Армия ауылында ұжымдастыру, репрессия мен аштықтан Қазақстаннан тысқары жерге бас сауғалауға мәжбүр болған Абраевтар, Абитовтар, Ақышевтар, Боқаевтар, Дисенбековтар, Елембаевтар, Жантасовтар, Ыбраевтар, Нұрпейісовтер, Тасбаевтар, Шәріповтер, Шаукеровтар өмір сүрген. Бүгінде олардың ұрпақтары Түмен облысындағы қазақтардың негізін құрайды. Ескерткіш стеланың ресми ашылуына облыстық думаның депутаттары, Түмен облысы мен Нижнетавдинск ауданының басшылары қатысады. Салтанатта белгілі түмендік журналист Қалила Қабдулвахитовтың «Откочевники» кітабының тұсаукесері өтеді |