| 17.06.2010 17:25 |
|
Өткен аптада Түмен облысында «Тіл саясаты және оралмандарды бейімдеудің әлеуметтік-құқықтық аспектілері: мәселелері, жүзеге асырылуы, келешегі» атты үшінші халықаралық конференция шеңберінде аталған ресейлік аймақта өмір сүретін қазақтардың Кіші құрылтайы өтті. Аталған шараға ТМД елдерінен, сондай-ақ АҚШ, Қытай, Моңғолия, Германия, Литвадан 200-ден астам адам қатысты. Қазақстаннан үлкен делегация барды Кіші құрылтай барша делегаттардың қатысуымен Түменге таяу жерде орналасқан Луговое селосында өтті. Ата-бабаларымыздың көшпенді өмір салтын барша сән салтанатымен жан-жақты тамашалауға Құрылтайды ұйымдастырушылар жақсы мүмкіндік жасаған: барлығы дерлік ұлттық киім киген, ас жер ошаққа асылған қазанда дайындалып, самауырындардан түтін будақтап жатты, ұлттық бұйымдар мен аласа жозылар он екі қанатты ақ шаңқан киіз үйлердің сәнін келтірді. Жақын маңда жылқылар жайылып, шабандоздар өз өнерін жиылған көпшілікке паш етіп жатты. Дастархан үстінде – қазы-қарта, ақ бауырсақтар, сабаға құйылған қымыз, табақ-табақ ет, палау мен сүт қатқан шай. Шараға дайындық жан-жақты жасалғаны, ұсақ-түйектің барлығына да мән берілгені көрініп тұр. Құрылтайды ұйымдастырушылардың бірі, ЖШС «Поиск» («Іздестіру») бас директоры, іскер азамат Есімхан Жантасовтың айтуы бойынша түмендік қазақтар өздерінің ата-тегін, отанын ұмытпай, ата-бабадан келе жатқан ұлттық салт- дәстүрді сақтау және Қазақстанмен байланысты дамыту үшін қолдарынан келген барша мүмкіндіктерін пайдалануға тырысады. Бүгінгі таңда Түмен облысында 18 600 астам қазақтар өмір сүріп жатыр. Олардың көпшілігі аймақтың мемлекеттік, қоғамдық және коммерциялық құрылымдарында жоғары мансапты орындарды басқарып отыр. Түмен облыстық дума төрағасының бірінші орынбасары Геннадий Корепанов облыстың дамуындағы экономика, мәдениет және білім беру салаларында қазақтардың зор үлес қосып отырғанын, сондай-ақ қазақ қоғамдық ұйымдары мен олардың көшбасшыларының өлкенің мемлекеттік органдарымен байланысты нығайтуға қосып отырғаны үлесін атап айтты. Одан соң концерт берілді. Концерттік бағдарламаны Ялуторовск қаласының «Ұлттық мәдениеттер орталығы» ұжымы ашты. Орыс, белорус нақыштары, қазақ, украин, татар, чуваш әндері шырқалды. Ортада – қазақ, неміс, кавказ және татар билері биленді. Халық және қазіргі әндерді Түмен «Строитель» Мәдениет үйінің ұжымы қазақ тілінде орындады. Қазақтың ұлттық салттарын қызықты бейнелеп берді. Конференцияның тең төрағасы, ақын Совет Қараболатовтың қызы, Түмен мемлекеттік университетінің гуманитарлық зерттеулер Институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор Ирина Қараболатова жұртшылықты әсем дауысымен таң қалдырды. Ресей мен Қазақстан арасындағы этнотілдік серіктестік саласында қол жеткізген жетістіктері үшін ол өткен жылы «Мәдениет қайраткері» атағына ие болды. Самарадағы Ресей қазақтары Федералды ұлттық-мәдени автономиясының президенті Тоқтарбай Дүсенбаевтың тапсыруы бойынша фото және бейне материалдар ресей қазақтарының өміріне арналған арнайы фильм және фотоальбом шығару үшін жинақталды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілі кіші құрылтайға қатысушылар арасында «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша шағын сауалнама жүргізді. Құрылтай өту барысында оған қатысушылар өз әріптестерімен сұхбаттасып, мекен-жайларымен өзара алмасып, бір-бірін қонаққа шақырды. «Әсірелеп айтпағанда, бұл шара біздің басымызды біріктіріп, жақындастырды. Ол, үстіміздегі жылғы күзде Астанада өтетін Дүниежүзі қазақтарының IV Құрылтайына дайындыққа қарай жасаған ауқымды бір қадамымыз болды», – дейді К. Балтабаева |