| 24.11.2009 16:06 |
|
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына қарасты «Атажұрт» баспасынан Қытайдағы қазақ әдебиетінің классигі, белгілі саяси қайраткер, Шынжаңдық қандасымыз Қажығұмар Шабданұлының алты томдық «Қылмыс» романы жарық көрді. Өмірінің 40 жылдай уақытын абақтыда өткізген тағдырлы жазушы бүгін 85 жастан асып отыр. Алайда, қаламы қолынан түспей, қазақ әдебиетінің дамуына айтарлықтай үлесін қосып келе жатқан қаламгер Қытай Халық Республикасында «саяси қылмыскер» атанған. Саяси қылмыскер ретінде түрмеге жабылған автордың екі кітабы темір тордың ар жағында отырған кезінде жазылған. Қазақстанда бірінші рет толық жарияланып отырған автордың алғашқы екі кітабы «Қылмыс» ( 1 том, 2005 ж.) және «Пана» романдары (2004 ж.) да алғаш «Атажұрт» баспасынан шыққан болатын. Осы күнге дейін қазақ қоғамында Қажығұмар Шабданұлының толық шығармалар жинағына деген үлкен сұраныс болған еді. Кітаптардың бүгінгі тұсаукесері сол сұранысты қанағаттандырып отыр деп есептейміз. Алты томдыққа енген роман жанры жағынан мемуарға жатқанмен, шығарма жеке адамның өмірімен шектелмейді, ол Шынжаң қазағының жарты ғасырлық қилы тарихын қамтып, Қытайда өмір сүріп жатқан қазақ ұлтының тағдырынан сыр шертеді. Осы 6 томдық романның дайындалуы мен қалың оқырман қауымға жол тартуына Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмәділдің сіңірген еңбегі орасан зор. Бұл қабырғалы шығармалардың жарық көруіне Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхамед үлкен қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн. Үстіміздегі жылдың 24 қараша күні Ұлттық баспасөз клубында (Фурманов көш, 122) Қажығұмар Шабданұлының 6 томдық «Қылмыс» романының тұсаукесер рәсімі өтті. Тұсаукесер рәсіміне Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев, Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмәділ, белгілі драматург-жазушы Сұлтанәлі Балғабай, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай сынды елімізге белгілі қоғам және өнер қайраткерлері және роман авторының қызы Гүлжайнар Қажығұмарқызы қатысты Дүниежүзі қазақтарының Қауымдастығы |