Сайт бойынша іздеу

Жаңалықтар Жаңалықтар Оспан батырға арналған халықаралық конференция өтті

11.11.2009 15:04

Үстіміздегі жылдың 11 қарашасы күні Алматы қаласы, Жазушылар Одағының Әдебиетшілер үйінде қазақтың хас батыры Оспан Ісләмұлының туғанына 110 жыл толуына орай «Азаттықтың өшпес рухы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің қолдауымен, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және Қазақстан Жазушылар Одағының ұйымдастыруымен өткен конференцияға шетелдегі қазақ ғалымдары мен аталған тұлғаның тарихын зерттеп жүрген отандық тарихшылар жиналды. 

Оспан батырдың қайталанбас ғұмыры мен алпауыт Қытай жерінде өз ұлтының бейнесін сақтап қалу үшін жүргізген күрескерлік қызметін саралауға Түркиядан Абдуақап Қара, Қазақстаннан Тұрсын Жұртбай, Тұрсынхан Зәкенұлы, Ақеділ Тойшанұлы секілді ғалымдар мен Қабдеш Жұмәділ, Тұрсынбек Кәкіш, Нұрлан Оразалин, Жәркен Бөдешұлы сынды ақын-жазушылар қатысты.   

Конференцияны ашып берген Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төралқа Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Асылұлы Мамашев кіріспе сөзінде Оспан батырдың тұлғалық қасиеттеріне тоқталып өтіп, конференцияға қатысушы ғалымдарды Оспан батырдың көтерілісіне дербес баға беруге шақырды. Талғат Мамашев Оспан батырдың тұлғалық сипатын жалпыұлттық деңгейде шығаратын уақыт жетті деп мәлімдеді.

«Оспан батырдың көтерілісі – қазақ елдігі тарихының құрамдас бөлігі, сондықтан оны ұмытуға болмайды. Ең алдымен ұлт-азаттық көтерілістердің тарихы, оны жасаған тұлғалардың өмірі жас және келер ұрпақ үшін тәрбиелік мәні жоғары. Тәуелсіз ел болған соң, әлемнің түкпір-түкпірінде қазақты қазақ ретінде сақтап қалу үшін жүргізілген және жүргізіліп жатқан жұмыстарды біз әрқашан назарда ұстауымыз керек» – деді Т.Мамашев.

Кіріспе сөзден кейін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің құттықтау хаты оқылып, ол Оспан батырдың немересі Өркен Нәбиұлына табыс етілді.

Мінберге шыққан ғалымдар жиналған жұртты Оспан батырдың тұлғасы мен көтерілісіне байланысты жаңа, тың  деректермен таныстырды. Жарыссөзде сөз алған азаматтар Оспан батырдың тарихын әлі де зерттеу, зерделеу қажеттілігін алға тартып, ғалымдаға өз ризашылықтарын білдірді.

Қорытынды сөзді алған Жазушылар Одағы Басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин конференцияға қатысқан қауымды Оспаннның 110 жылдық мерейтойымен құттықтап, өз ойын ортаға салды. 

Конференция арнайы дайындалған концерттік бағдарламамен жабылды.

 
Пікірлер
Біздің сайтқа қандай баға бересіз?
Ауа райы
АСТАНА АЛМАТЫ
11 19