Сайт бойынша іздеу

Жаңалықтар Жаңалықтар Алматыда "Өз тілім бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін" атты халықаралық дөңгелек үстел өтті

16.10.2009 10:52

2009 жылы қазан айының 16 жұлдызында  Алматыда "Өз тілім бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін" атты халықаралық дөңгелек үстел  өтті.

Халықаралық дөңгелек үстел Қауымдастық үйінде сағат 10:00-де басталды. Жиынды Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Т.Мамашев ашып, жүргізіп отырды.

Т. Мамашев: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің бірлесіп жүргізіп отырған "Өз тілім бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін" атты халықаралық дөңгелек үстел, «Отаным – жаным, Ана тілім – арым» атты халықаралық  жыр мүшәйрасына хош келдіңіздер!  Бүгінгі жиынға қатысып отырған Көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішевке рахмет айтамыз. Енді шетелден келіп қатысып отырған қазақ мәдени орталықтарының басшыларын таныстырайын. (тізім бойынша)  Сондай-ақ, биылғы жылғы атқарылған жыл жоспарымен таныстырар болсақ көптеген іс-шаралар өткіздік. Жұмыс қарқынмен жүрілді. Дағдарыстан шығып бара жатырмыз. Жаңалықтарымыз: Еуропа қазақтарының дәстүрлі кіші құрылтайын Лондон қаласында өтті. Тәжікстандағы "Бәйтерек" қазақ мәдени орталығы мен Қазақстан елшілігі бірлесіп Орта Азия, Иран, Ауғанстан қазақтарының кіші құрылтайын өткіздік. Мақсаты – жақын көршілер болғанмен қарым-қатынас өте нашар. Соны жандандыру. Екінші жаңалығымыз жоғарыдағы "Бәйтерек" қазақ мәдени орталығының ашылуы. Монғолиядағы қазақтардың кіші құрылтайы өтіп, оған С. Балғабаев қатысып қайтты. Ондағы ағайындар Баян-Өлгийдегі қазақтарға көңіл бөлесіздер де ішкі Монғолиядағы қазақтар тасада қалып қоямыз деген өкпелерін айтып жүр. Соған орай жоғарыдағы кіші құрылтай ұйымдастырылды. Сондай-ақ, биылғы жылы Ресейде де өтеді деп күтілуде. Омбыдағы "Мөлдір" қазақ мәдени орталығының 20 жылдығы тойланып, СҚО-дағы филиал басшысы С.Салмұрзин қатысты. Мәскеудегі "Мұрагер" қазақ мәдени орталығының 20 жылдығын атап өту де жоспарланған. Осының аясында кіші құрылтай өткізсек дейді олар. Ал, Түмендегі қазақтар Сібір ұйымын құрсақ деп отыр. Бұл шараны СҚО филиалына барып, іс сапарды Сібірге жалғастырсам деген ойдамын.

Дөңгелек үстелден соң халықаралық жыр мүшайрасы өтеді. Газет, журналдарға мүшайраның шарттарын жарияладық. 35 жасқа дейін деп шектеу қойдық. Кейбір тарлан ақындардың іш тарлығынан жастарға жол жоқ болып отыр.   Бірақта 1,5 млн. қазақтар тұратын Өзбекстанда жас ақын жоқ деп ойламаймын. Сондағы Қазақ мәдени орталығын басқарып отырған азаматтардың жауапсыздығынан, халыққа жарияны жеткізбей, уақытында хабар берілмеген себепті өлеңдерін жіберген ақындар жоқтың қасы. Соңғы уақытта Қытаймен байланыс өте қиындап кетті. Бірақта, ол жақтан келді, оған көп рахмет! Қауымдастық шығарған барлық бұйымдармен (компьютерлік интерактивті бағдарламалар, кітаптар, сөздіктер) таныстырды. Бұл бұйымдар Қытайдағы ағайындар үшін төте жазумен, Түркия мен Еуропа қазақтарына арнап түрік тілінде дайындалды. Қазақ тіліне байланысты түрлі жұмыстар атқарып келеміз. Ары қарай да атқармақпыз, осыған орай өздеріңіздің тың ойларыңыз немесе бағдарламаларыңыз болса бізге беріңіздер, іске асыруға дайынбыз. Биыл Қытайдағы белгілі жазушы Қажығұмар Шабданұлының "Қылмыс" романының 6 томын шығарамыз. Көші-қон мәселесіне келер болсақ: Санақ қорытындысы бойынша 65 пайызға жеттік. Тәуелсіздіктен бұрын 50 пайызға да жетпейтін едік. Шетелден Елге оралып жатқан ағайындардың үлесі зор. Бұрын жылына 15 мың отбасы, енді 20 мың отбасын квота бойынша алып жатырмыз. Яғни 65-70 мың адам деген сөз. Оның сыртында өз бетімен көшіп келушілер қаншама! Олар үшін де есік ашық. 2008 жылы желтоқсан айында "Нұрлы көш бағдарламасы" қабылданды. Осы еңбекті 4 тілде кітап етіп шығардық. Қазақ, орыс, түрік тілдерінде және төте жазуда басылды. Оны ежіктеп оқу керек, сонда ғана дұрыс түсінетін боласыздар. Бүгінгі күні көші-қонға қатысты жұмыстар Монғолияда жақсы жүріліп, насихатталып отыр. Тәжікстанда 600 жуық отбасы, Ауғанстанда 100 жуық отбасы, Сауд Арабиясында 1000 астам адам көшуге дайын отыр. Бірақта олардың көбісінің қаржыға байланысты мүмкіндіктері болмай отырған жәйттері бар. Өзбекстан саябырсып қалды. Сондықтан көші-қонның жұмысын жандандыру керек.

Хапсатар Омар, Монғолиядағы қазақ мәдени орталығының төрағасы: Бүгінгі үлкен дөңгелек үстелді ұйымдастырып отырған Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына алғысымыз шексіз. Мұны шетелдегі ағайындарға бөліп жатқан көңіл деп білеміз. Тақырыпқа қатысты былай дер едім. Ортақ тіліміз қазақ тілін дамытуда көптеген ілгерілеушілік бар. Мен алғаш рет 1989 жылы Алматыға келгенімде адамдармен қазақ тілінде қатыса алмаған едім. Қазір шүкіршілік. Сын көтермейтін нәрсе – болмысты қазақыландыру керек. Әр елден келген қазақтар бір бірімен тез ұғысып, тілдесе аламыз. Мысалы Қытайдағы монғолдар мен Монғолиядағы монғолдар өзара тілдесе алмай тілмаш арқылы сөйлеседі. Бізде мұндай мәселе жоқ. Біраз мақам, диалектіміз бар, ол сананың алшақтығынан деп түсінем. Отаршылдықтың әсері көбірек екенін жасырудың қажеті жоқ. Мен ойлаймын... деп бастау соның салдары. Ал қазақ болса ең алдымен ойын аяқтаған соң барып солай ойлаймын дейді. Орыс тілінде көптік жалғауы көп қолданылады. Соны тікелей аударып қолдануымыз мүлде қате.  Қазақстанның баспаларынан жарық көріп жатқан кітапта берілген сілтемелерге көз жүгіртсеңіз орыс тіліндегі мәтінді аудармай сол қалпында қоя салады. Бұл дегеніңіз кітапты шыбарланып жатқандықтың белгісі емес пе? Өткен маусым айында Астана қаласында өткен халықаралық дөңгелек үстелден кейін Монғолияға барып көші-қон мәселесімен тікелей айналысып, 2500 адам яғни 516 отбасын тіркедім. Алды Атамекенге келіп жатыр. Көшіп қонуға бірнеше түрлі себеп кедергі болып отыр: Олар 1) қаражаттың тапшылығынан көшіп келуге жағдайы жоқ. 2) жасанды құжатпен квота алғандар бар. 3) Жоғары білімі барларға жұмыс жоқ. 4) Салт басымен келушілерге квота қарастырылмаған. Алматы мен Астана қалаларына көшіп келгілері келеді. 5) Курчатов полигон болған жер деп естиміз. Осы себептер кедергі болып отыр.

Қабылсаят Әбішев, Көші-қон комитетінің төрағасы:  Құрметті ағайын Сіздермен жүздесіп отырғаныма қуаныштамын. Бұрынғыдай камаз апарып көшіретін жағдайымыз жоқ. 1991 жылдары 1000 камазбен 65 мың адам Монғолиядан келген. Енді олай болмайды. Квота алуда алаяқтық жасаушылар болды, оған нүкте қоямыз. Монғолия азаматтарының Ресей және Қытай арқылы кеденнен өткендерін тексеріп жатырмыз. Келем деушілерді қабылдауға дайынбыз.Т.Мамашев: Жуықта Өскеменге барып Б.Сапарбаевпен жолықтым. Келем деген қазақтарды маған жіберіңіз, жер берем, жағдайларын жасаймын деді. 2010-2011 жж. Қытай, Өзбекстан, Монғолия қазақтары келіп үлгермесе, одан кейін өкпелемесін. Қ.Әбішев: Қазақстан жылына 1 реткі көмекке 20 мың отбасына 12 млн доллар жәрдемақы береді. Көкшетауда 270 коттедж салынып жатыр. Ыстық суы, суық суы бар, туалеті де бар, көмір қорасы да бар. 30 отбасы жуықта аталмыш коттеджге кірді. 340 орын мектеп салынады. Малшы отбасылар үшін Көкшетауда 2 гектардан жер беріледі. Бір отбасында 5 адам болса 7000 доллар жәрдемақы алмақ. Ресейден 20 отбасы көшіп келді. Алтын өндірісі ашылады, мектеп бар. Курчатовта жаңа жылда дайын болады. Ол жерде полигон болған жоқ. Ресейдің не бір ығай мен сығай генералдары, әскери қызметшілері өмір сүрді. Егер полигон болса олар онда қайдан барсын! Степногорск қаласында 145 коттедж салынады. 1 кв.м. 185 доллар, 228 орын  бала бақшасы болады.Шығыс Қазақстан облысының Глубокий қаласында 298 коттедж, 210 орын балабақша, 750 орын мектеп салынады......

Абдуахат Қарсыбай, Өзбекстан: Бәрі де саясатқа байланысты болып отыр. Бізден адамдар ұрланып келіп жатқан жәйі бар. Өйткені қиын. Бізге 10 сот жер берілсе өзіміз қалғанын жасар едік.Тоқтарбай Дүсенбаев, Ресей: Біз Батыс Қазақстан облысымен бірлесіп жұмыстар істеп жатырмыз. Оларда  да осы ақпарат жоқ. Бізге ақпарат жылдам жетіп тұрса жақсы болар еді. Қазақстанның ақпараты бізге жетпейді. Т.Мамашев: Информация қауіпсіздігі деген бар. Ресей басып кетті, ол рас. Бар нәрсені көре білу керек. Сіздер ақпарат құралдарына сұхбат берген кезде Қауымдастық туралы бірде біреулеріңіз айтпай, тек өздеріңіз тындырып жатқандай айтасыздар. Ол дұрыс емес. Істеліп, атқарылып жатқан көмекті де ұмытпаған абзал. Мыс: Қосағашты әлемге танытқан Қауымдастық. Жуықта Ә.Жатқанбаев бір газетке берген сұхбатында "Біз 1-2 Құрылтайға барғанда қазақтардың мәселесін қойдық, бірақ шешілмеді" депті. Тіл комитетінің қолдауымен қаншама істер атқарылып жатыр. Оған өздеріңіз де куәгерсіздер. Атқарылған іске баға бере кеткен де артықтық жасамайды. Құр айқалағанмен ештеме шешілмейді емес пе? Тіл комитетінің порталына, Қауымдастықтың вебсайтына кіру керек. Биылғы жылы вебсайтымызды түбегейлі жаңаладық. Енді қазақ сайттарының конкурсында озамыз ба деген үміттеміз.  Қызырхан Шолпан, Австрия: Еуропадағы 10 қазақ мәдени орталықтарының  федерациясы ресми тіркеуден өтті. Ол федерация Германияда орналасқан. www.redka.net  сайтынан қазақ, ағылшын, неміс және түрік тілдерінде ақпарат ала аласыздар. Басшымыз Абдулқайым Кесижи үлкен сәлем жолдады. Көші-қонға байланысты айтарымыз жоқ. Ол жақтағы қазақтар түрікше сөйлейміз. Нұрлы көш бағдарламасының Жаднамасы түрік тілінде түсінікті аударылыпты, жақсы болды. Сіздерге көп рахмет! Тілге байланысты шығарылып келе жатқан интерактивті бағдарламаны да ары қарай жалғастыра берсеңіздер деген тілегім бар. Зәуре Сәменова, Тәжікстан: Талғат ағамызға көп рахмет, біздердің басымызды қосып, алқалы жиын өткізіп жатқанына. "Нұрлы көш бағдарламасымен" Тәжікстаннан 8 отбасы Көкшетауға келіп қоныстанды, алғыстары шексіз. Қазақстанның елшілігімен бірлесіп жұмыстар атқарып жатырмыз. Ол жақтағы жағдай Өздеріңізге белгілі. Көп балалы жесір әйелдер баршылық. Жағдайлары өте төмен, үйлерін сата алмайды. Алдымен біреуін осылай жіберіп, артынан қалғандары келіп жатыр. Қазақтардың кейбірінің ұлттары тәжік немесе өзбек деп жазылып кеткендері де бар. Мұрағаттан құжаттары шықпай жатқандарының жағдайлары тіптен қиын болып отыр. Оған не істеу керек? Қазақстанда тек жер берілсе болды, өз күнін өздері көріп кетер еді. Қауымдастықтың жіберіп жатқан кітаптарын бір бірімізге беріп, жалғастырып оқимыз, ол поштаны "цыганская почта" деп атаймыз. Өзім қазақ тілінен сабақ беремін. Үйде қазақша сөйлесеміз. Жас өспірімдер көп. Олардың көбісі мектепке дейінгі жастағылар. Осы балаларға көмек керек. Тәжікстандағы мектептерде қазақ тілі оқытылмайды, мен өз еркіммен дәріс беріп жүрмін. Сондықтан балаларға арналған суретті кітаптар, сөздіктер дискілер керек.Мұқан Мамытхан, Қазақстан: Қытайдағы қазақтардың жағдайы өзгеше. Паспорт алу үшін шетелден шақыртулар керек. Туыстық, оқу, көші-қон, қызметтік деп бөлінеді. Қазір көші-қон шақыртуы тоқтағаннан бері көші-қон да тоқтады. Туыстық шақыртуымен ата-анасына 14-ке толмаған, мектеп жасындағы балаларды қосып тіркемейді. Сондықтан көші-қон шақыртуын қалпына келтіру керек. Қызметтік шақырумен келгендерді азаматтыққа қабылдамайды. Қытайға кері 28 адам көшіп кетті. Енді не істеу керек? Қ.Әбішев: Шетелдегі қазақтардың ұлтын анықтайтын комиссия құрылып жатыр, оның көмегі жақсы болады деп сенемін. Көші-қонның шақыруы керек болса оны да орындауға әзірмін.Т.Мамашев: Қытайдағы ағайын топтасып көшуді ұйымдастыру керек.

Қайырбек Кемеңгер, Омбы: Мен Омбыда туып, Көкшетауға көшіп келгеніме біраз жыл болды. Көкшетауда салынып жатқан коттеджге жергілікті халық кірсек деп армандап жүр. Осындай жағдай жасап жатқанда сырттағы ағайын тез көшіп келіңіздер! Көші-қон комитетінің басшысы мен Тәкеңе алғыстан басқа айтарым жоқ, рахмет! Әбуислам Турсынбаев, Мәскеу: Біздің қазақ тілі қоғамы Елшілік ғимаратының кішкентай ғана бөлмесінде жұмысымызды атқарамыз. Қазақ тілін өркендету үшін тек өзіміз жұмыс істеуіміз керек. Осыған орай қазақ тілінің сайтын аштық. 25 қарашада қазақ тілінің күнін атап өтеміз. Біздегі елші өте жиі ауысып жатқаны жұмысымызға кері әсерін тигізіп отырғанын айта кетуім керек. Енді танысып, бірлесіп жұмыстар атқара бергенімізде ауысып кетеді...

Ресейде қазақ мәдени орталығы әлі құрылған жоқ, ос іс шараны тездету қажет, Орталық ашылса... Абай оқулары деген шараны 2 жыл қатарынан өткіздік. Б.Момышұлының басына гүл шоғын қойып, қазақ тілін оқытып жатырмыз.  Жарас Адайбаев, Қарақалпақстан: Қарақалпақстан 1936 жылға дейін Қазақстан құрамында болған. 960 мектеп бар. Соның 185-і қазақ мектебі еді. Нөкісте тудым. Ол кезде қазақ сыныптары көп еді. Қазір латынға көшті. Көп қиыншылықтар бар. Мектептер 9 жылдық болып қалды, одан кейін мамандандырылған лицей, колледж, гимназияларға... Хожейлі мен Тақтакөпір елді мекендерде қазақтар көп шоғырланған.  Ол жақта негізгі халықтар – қарақалпақ, өзбек және қазақ.  Қарақалпақ тілі бізге өте жақын тіл. Кеңестер Одағы кезінде мектептерде Қазақстанның бағдарламасымен оқытатын, қазір мүлде басқаша. Білім министрлігінен жеке квота бөлініп, оқушыларымыз Жоғары оқу орындарында тегін оқитын. Біздің адамдарды Солтүстікке көшіруге атсалысамыз.Қ.Әбішев: Біздің Елбасымен кездескен Өзбекстан, Қырғыз, Тәжікстан Президенттері "Қазақстанда жұмыс істеп жүрген азаматтарымызды кері қайтармаңыз, олар отбасыларын асырап жүр" дейді. Сол үшін Елбасыға, Үкіметке, Тәкеңе көп рахмет! Қарағанды, Шымкент және Ақтауда 3 орталық бар. Ол жерде тегін жатады, бейімделеді. Сауд Арабиясымен Ауғанстаннан келетін адамдарды орналастырып, біраз шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Болат Заут, Қауымдастықтың Павлодар филиалының жетекшісі: Ұлы көш 1991 жылы Монғолиядан басталған. Бір кедергі бар, ол – жоғары білімді, білікті азаматтардың мемлекеттік қызметтерге орналаса алмауы. Екіншіден, зейнетақы мәселесінде де гәп бар. Сондықтан осы мәселеге байланысты Заңға толықтырулар мен өзгерту енгізілсе.Қ.Әбішев: Зейнетақының жүйесіне өзгерту енгіземіз деп жатырмыз. Ұсыныс беріңіздер, қоғамдық пікір туғызу керек.   Ерболат Бегенов, Қосағаш аудан әкімінің орынбасары: Осында алғаш рет ақпан айында келдім. Содан бері Қауымдастықтың көмегімен көптеген істер атқардық. Халықаралық олимпиадаға балалар келіп қатысты, "Балдәурен" лагеріне демалды, оқытушыларымыз қайта дайындықтан өтті, Абай жеріне келіп саяхат жасады т.т. Сол қамқорлықтары үшін Талғат Асылұлы бастаған ұжымға алғысымыз шексіз.  Алтынай Жүнісова, Омбыдағы "Мөлдір" қазақ мәдени орталығының төрайымы: Тіл үйренудің көптеген жолдары бар. РФ-да қазақ мектептерінің жоқ екенін Өздеріңіз білесіздер. Кейбір мектептерде қазақ тілі пән ретінде оқытылады. Көпшілік жерлерде факультатив ретінде қазақ тілін үйретеміз. ДҚҚ шығарып бізге берген компьютерлік бағдарламалар өте жақсы көмектесуде. Сол үшін Сіздерге рахмет! Қауымдастық шығаратын журналдардың әсіресе "Туған тіл" альманағының көмегі зор. Жыл бойы Ресейдің барлық өңірлеріне жіберіп жатқан әдеби кітаптарға да рахмет. Біздің кітапхана қорымыз кәдімгідей көбейді. Ал бүгін М.Әуезовтың 4 томдық "Абай жолы" эпопеясын бірінші рет аудио кітап ретінде бергендеріңізге қуаныштымын. Осындай игі бастамалар ДҚҚ арқылы жалғаса берсін демекпін. Сағындық Салмұрзин, Қауымдастықтың СҚО филиалының жетекшісі: ДҚҚ өздері шығарған кітаптарды өзінің облыстық бөлімшелері арқылы таратады. СҚО филиалы Қазақстаннан шыққан кітаптарды Қауымдастықтың тапсырмасымен Ресейдің Омбы, Ялуторск, Түмен, Сургут, Новосибирск, Красноярск, Томск, Қорған аймақтарына таратады. Біз апарып береміз, немесе ҚМО өздері алып кетеді. Бірақ Ресейдің кеден мекемелері кейде қырсығып өткізбей жататын кездері болады. Осы мәселені СІМ арқылы шешу керек сияқты.Абдуахат Қарсыбай, Өзбекстандағы республикалық ҚМО төрағасының орынбасары: Ташкенттегі ҚМО кітапханасын ашқанда ҚР Елшілігі мен ДҚҚ 3 мың дана жаңа кітаптар сыйлағанын Өздеріңіз білесіздер. Одан кейін ОҚО әкімшілігі Қауымдастықтың көмегімен 10 мың дана кітапты бізге сыйлады. Қазір біздің кітапхана қорында 28-30 мыңға жетіп қалды. 1,5 млн. қазақтар тұратын Өзбекстандағы ағайындарға бұл көп емес. Навои, Сырдария т.т облыстар кітаптарға өте зәру. Қауымдастық жіберген кітаптарды біз сол облыстарға бөліп беріп отырмыз. Биылғы наурыз айында өткен ақындар айтысында 1 мыңнан астам кітаптар бізге тарту етілді. Бірақ кейінгі кезде Өзбекстан кеденшілері Сіздер жіберген кітаптарды өткізбей, көп қиыншылықтар туғызды. Елшіліктің көмегімен әрең дегенде өткіздік. Осы мәселені СІМ арқылы, дипломатиялық жүк ретінде өткізіп жүрсе дұрыс болар еді.Т.Мамашев: Бұл ұсыныстарыңыз дұрыс. ДҚҚ өзі шығарған кітаптарды ғана емес республикалық басқа баспалардан шыққан кітаптардың бәрінен 10 данадан алып, Сіздерге жеткізіп жүрміз. Өзбекстан, Монғолия, Қырғызстан, Түрікменстан, Ресей Федерациясының  көптеген аймақтарының ҚМО кітапхана қоры соңғы 2-3 жылда кәдімгідей толықты. Англия, Германия, Франция, Норвегия, Монғолия, Тәжікстандағы ҚР елшіліктерінің кітапхана қорын толықтыруға ат салыстық. Бұл жұмысты жалғастыра береміз. Бірақ қиыншылықтар да бар екені рас. Қытайға кітаптар жіберу қиындады. Кейінгі кезде бұған Өзбекстан қосылды. Ресейдің кейбір аймақтарында да кеденшілер көп кедергі келтіреді. Сондықтан бұл мәселелерді шешу керек. Сыртқы істер министрлігі арқылы кітап жіберуді ақылдасамыз.Біздің облыстық бөлімшелер де бұл мәселеде ұсыныстар берсін. Шетелдердегі ҚМО да байланысты үдетіп, ары-бері қатынаған кісілер арқылы кітапты алып тұрса дұрыс болар еді. Ай сайын 15-20 кітап алған оңай, ал жиналса көбейіп кетеді, тасымал қиындайды. Осы жылы Қытайға алып барған кітаптарымызды ағайындар талап, алып кетті. Кейінгі кездесулерге жетпей қалды. Кейіннен қатынасқан ағайындар арқылы уәдемізді орындадық. Қытай, Ресей, Өзбекстанға қатынасқан адамдар арқылы ылғи да кітаптар беріп жүрміз. Бірақ бұл кітаптар ҚМО кітапхана қорына қосылып жатырма, әлде үйді үйге тарап кете ме осы жағын қадағалау керек. Кейінгі 3 жылда 1500 орыннан ЖОО-на 2 пайыз квота бөлініп келеді. Шетелдегі қазақ мәдени орталықтарының басшылары жақсы жұмыс істемей отыр. Биыл Еуропа мен Түркиядан балалар келді. Қазақстанға деңгейлері өте төмен балалар келіп жатыр, енді сапаны жақсартуымыз керек. Келгендердің барлығы ЖОО-да түсу шарт емес, оларды белгілі бір мамандыққа баулу қажет деп есептеймін. Бұл жөнінде Білім және ғылым министрлігіне бірнеше мәрте ұсыныс бердік.Енді қорытындылай отырып, Сіздердің айтқан ұсыныстарыңыз бойынша болашақта да қазақ тілін үйрету үшін шетелдегі қазақ балалары үшін сөздіктер, кітаптар, интер активтік бағдарламалар әзірлеуді Тіл комитетімен бірлесіп жалғастыратын боламыз. Тиісті шаралар атқарып, сырттағы ағайынға кітап өнімдерін жеткізуді реттейміз. Бүгін Тіл комитетінің қызметкері Қарлығаш Ақаева да қатысып отырғанын білесіздер. Осы өтініш тілектерді қабылдап, қолдайтынына сенеміз. Келгендеріңізге рахмет айтамын. Шешім: Ұсыныстар бойынша Сыртқы істер министрлігіне, Мәдениет және ақпарат министрлігіне хат жолданатын болды. Осыған орай бұйрық берілу Б.Уатқанға тапсырылды. 2010 жылдың жоспарына кітапханашылар семинарын ұйымдастыруды енгізу де айтылды.

Күн тәртібі бойынша сағат 14:30 – 17:45 аралығында халықаралық жыр мүшайрасы мен концерт Абылайхан даңғылы бойындағы Қазақконцерт залында өтіп, сағат 18.30-да "Мерей" кафесінде шетелден келген қазақ диаспорасының өкілдеріне қонақасы берілді.                               

Дөңгелек үстелде айтылған ұсыныстар бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігіне хат жолданды.

Ботагөз Уатқан
 
Пікірлер
Біздің сайтқа қандай баға бересіз?
Ауа райы
АСТАНА АЛМАТЫ
-6 8