| 16.01.2012 10:10 |
|
Аса ардақты абыз дүниеден өтті Белгілі қоғам қайраткері, қазақ диаспорасының ақсақалы Дәлелхан Жаналтай 1922 жылы 15 маусымда Шыңжаң өлкесінің Алтай аймағында жарық дүние есігін ашқан. Кезінде Шыңжаң өлкесінің Қаржы министрі қызметін атқарған әкесі Жанымхан қажының жан-жақты қамқорлығы арқасында жастайынан мол білім алды. Ат жалын тартып мінетін жасқа жеткеннен кейін ол ұлттың мүддесін көздеген әрекеттерге батыл араласа бастады. Заман ағысын тез аңдай білген білімдар жас билік басындағылар тарапынан жергілікті ұлттың қысымға тап болып отырғанын анық аңдады. Ел жағдайын жеңілдету қамында күрделі әрекетке бару қажет болды. Сөйтіп ол Оспан батыр бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің қақ ортасынан бірақ шықты. Алайда Шыңжаңдағы жағдайдың шиелінісуіне байланысты енді ол жерде қалып өмір сүруге болмайтынына көз жеткізді. Сөйтіп үдіре ірге көтеруге мәжбүр болған елмен бірге бұлар да азапты сапарға шықты. Тибет асып Үндістанға бір-ақ тоқтады. Гоминдан билігі басындағылар ізге түсіп қуғындауы барысындағы екі жақты кескілескен шайқастарда көптеген құрбандықтарға душар болды. Сол құрбандықтардың арасында әкесі Жанымхан да бар еді. Көзі ашық азамат Үндістан жеріне келгеннен кейін елдің қамына орай әрекет қылып, жауапты мансаптар атқарды. Ұлт мүддесіне сай халқының аман қалуы жағдайын ойластырушылар қатарында болды. Осы мақсатта Тайваньдағы билікпен байланыс жасады. Еңбегі нәтижесіз қалмады. 1948 жылы Нанкинде ашылған президент сайлау құрылтайына қатысты. Соңынан Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттері алтыншы құрылтайының депутаты мәртебесіне ие болды. Қазақ жастарын Тайпейге (Тайваньға) білім алуға жіберу жолында зор еңбек сіңірді. Сөйтіп Тайваньға қазақтың 30 баласы оқуға жіберілді. Ақыры осы көш Түркияға барып тұрақтады. Осында келген соң да ұлт мүддесі жолындағы жұмысты жалғастыра берді. Түркістан каучук фирмасына жұмысқа орналасты. Кейін «Бірлік» тері өндірістік фирмасын құрып, өзі басқарды. Стамбулда «Қазақ» кентін құру жолында сіңірген еңбегі ересен. Осылайша Түркиядағы қазақ бауырлардың ел болып еңсе көтеруі бағытында қыруар еңбек сіңірді. Жергілікті бауырлардың құрметіне бөленді. Басқа да қазақ жұртының азаматтары тәрізді Дәлелхан Жаналтай арманы Қазақстанның тәуелсіздік алуымен орындалды. Ол әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайына қатысты. Өзі айтқандай: «алыста жүріп қазақпыз деуге бата алмайтын» жасқаншақ кез келмеске кетті. Отаны – Қазақстан, жер бетіндегі басқа да елдермен терезесі тең дербес те тәуелсіз ел болды. Тұңғыш құрылтайда ол Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа мүшесі болып сайланды. ҚР Президентінің Жарлығымен II дәрежелі «Достық» орденімен және «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталды. Денсаулығына байланысты осында келе алмады. Сол себепті 2008 жылы жоғарыдағы орденін өзім Түркияға арнайы барып, Дәлелхан ақсақалға тағып, қуанышымен бөліскен едім. Өзімен қатарлас жандардың туған топырақтан жырақта жүріп кешкен өмірі жайлы оның Қауымдастықтың «Атажұрт» баспасынан жарық көрген «Қилы заман – қиын күндер» атты ғұмырнамасында кеңінен баяндалады. Шет елдердегі қазақтардың ақсақалы, дүниежүзі қазақтарының жанашыры, қымбатты Дәлелхан қажының қазасы бәріміздің қабырғамызды қайыстырып, жүрегімізді ауыртты. Үстіміздегі қаңтардың 15-і күні дүниеден озған марқұмның отбасына, туыстарына, Түркиядағы барлық қандастарымызға қатты қайғырып, көңіл айтамын. Қажының жатқан жері жаннат, иманы жолдас болсын деймін. Талғат Мамашев, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары |