Сайт бойынша іздеу

Жаңалықтар Жаңалықтар шетел жаңалықтары

09.01.2012 13:20

Егемен Қазақстан газеті

Бейсенбі, 5 қантар, 2012

http://www.egemen.kz/323926.html

«Қазақ тілінің» тойы

Қазақстан елшілігінің қолда­уы­мен Мәскеудегі Бейбітшілік және келісім федерациясы үйінің ғима­ратында Ресей астана­сын­да­ғы «Қа­зақ тілі» қоғамының құ­рылғанына 20 жыл толуына ар­налған мере­келік кеш болып өтті.

Мәскеудегі «Қазақ тілі» қоға­мының шежі­ре­сінде бойтұмардай болып қалған ерекше бір естелік бар, ол – Тұң­ғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың «Молодая гвардия» баспасынан шыққан «Без правых и левых» (қазақшасы – «Әді­леттің ақ жолы») еңбегін таныстыру рәсі­мінде «Қазақ тілі» қоғамына зор табыс тілеймін!» деген қол­таң­басымен сыйлаған осы кітабы. Елбасымыздың тілегі қабыл болып, қоғамның қалыптасу сәті жүйелі даму жылдарына ұласты.

Еліміздің Тәуелсіздігімен құр­дас деуге болатын «Қазақ тілі» қо­ғамының 20 жылдық тойына ар­на­ған құттықтауында Қазақ­стан ел­шісі Зауытбек Тұрысбеков мәс­кеу­лік қазақтардың аталмыш ұйы­мы осы кезең ішінде отан­даста­ры­мыз­дың жан-жақты қол­дауына ие болып, Ресейдегі танымал қоғам­дық бірлестікке ай­налғаны туралы ай­тылған; қоғам мүшелерінің ана тілін оқып-үй­рену, ұлттық тарихты зерделеу, халықтық мәде­ниетті, салт-дәс­түрлерді дамыту және жас ұр­пақты халықтар дос­тығы рухында тәрбиелеу жолын­дағы істеріне ықылас білдірілген; солардың кү­ші­мен шығарылатын «Қазақ тілі» газеті, сондай-ақ «Қа­зақ тілі» сайты бүгінде Ресей қа­зақта­ры­ның топтасуына айтар­лық­тай ық­пал етіп, ұлттық-мәде­ни ұйымдар қызметін жан-жақты жазып, ор­тақ ақпараттық мінбер болып отыр­­­ғаны атап көрсетілген. «Сіз­дердің Қазақстан мен Ресей ха­лықтары арасындағы ынтымақ­тас­тықты ны­ғайтуға, дәстүрлі туыс­қандық байланыстарды да­мы­туға, Қазақ­станды шетелде та­ныстыруға қос­қан үлестеріңізді, елшілікпен бірлесіп өткізілетін сан алуан мәдени-көпшілік іс-шаралардың ұйымдастырушысы әрі белсенді қатысушысы болып келе жат­қан­дарыңызды атап өту аса сүйі­нішті» деген ілтипат та бар құт­тықтауда. Осымен бірге, мере­келік кеште қоғамдық ұйым­ның жұмысын жетілдіруге айтар­лық­тай үлес қосқан бір топ мәс­кеулік қазақтарға Қазақстан ел­ші­сінің Алғыс хаттары табыс етілді.

Міне, мерекелік кештің тізгі­нін қолына алған қоғам төрағасы Ә.Тұрсынбаев өз баяндамасында жиырма жыл ішіндегі жетістік­терді шола келіп, «Қазақ тілі» бас­тамашы болған, қоғам мүше­ле­рі күшімен атқарылған бірқа­тар мәдени-көпшілік іс-шаралар туралы кеңінен баяндады. Мысалы, «Қазақ тілі» қоғамы жанында ана тілін оқып-үйренген мәскеу­лік қазақтардың балалары жыл сайын Қазақстанда өтетін халық­аралық олимпиадаға тұрақты қа­тысып, жүлделі орындарға ие болып жүргені ілтипатпен аталды. Соңғы жылдары мәскеулік қазақ­тардың ұл-қыздары «Қазақ тілі» қоғамы жанынан «Жас қанат» деп аталатын ұйым құрғаны, осы жастардың қазақ мәдениетін на­си­хаттауға атсалысумен бірге, алып мегаполисті мекендейтін замандастарын тарихи отанымыз бен рухани тамырымызды ұмыт­пайық деген мақсатқа жұмыл­дырып жүргені айтылды.

«Қазақ тілінің» тойы осы аттас газеттің бес жылдығымен тұспа-тұс келді. Мерекелік кеште газет шығару, қоғамның сайтын ашу соңғы жылдары жүзеге асы­рылған елеулі мәдени жоба ек­ен­дігіне назар аударылды. Қазір газетті Ресейдің 36 өңірінде тұ­ратын отандастарымыз алдырып тұратыны айтылды. «Газет бүкіл Ресей қазақтарының басын қо­су­да орасан зор рөл атқарды. Қазір біз барлық қазақ қоғамдық ұйым­дарымен тығыз байланыс жасап отырмыз. Отандастарымыз бізге хат жолдайды, хабарлар жібереді, ұсыныс-пікірлерін айтады, үн қо­сады. Бір ғана «Қазақ тілі» сай­­тын күн сайын бір мыңнан астам отандастарымыз қарайды», деді қо­ғам төрағасы өз баяндамасында.

Екі он жылды артқа қал­дыр­ған «Қазақ тілі» қоғамын Мәскеу Ұлттар үйінің басшылығы, мәде­ни-ұлттық қоғамдық ұйымдар­дың жетекшілері, жазушылар, ақ­ын­­дар, әншілер, сондай-ақ Самара, Омбы, Вологда, Саратов, Уфа өңір­­лері­нен келген қандас ағай­ындар, бас­қа да тілекші қауым құттықтады. Дүниежүзі қазақ­та­ры қауымдас­тығы Төрағасының бірін­ші орынбасары Т.Мама­шев­тың құттық­тауы оқылды. Жинал­ған жұртшы­лық қазақтың халық әндерінің әдемі әсеріне бөленді, мәскеулік қазақтардың қаршадай балалары қазақша тақпақта­ры­мен қуантты.

Серікқали БАЙМЕНШЕ

.

Мәскеу.

 
Пікірлер
Біздің сайтқа қандай баға бересіз?
Ауа райы
АСТАНА АЛМАТЫ
-23 -8