| 09.01.2012 19:06 |
|
«Қазақ тілінің» тойы
Қазақстан елшілігінің қолдауымен Мәскеудегі Бейбітшілік және келісім федерациясы үйінің ғимаратында Ресей астанасындағы «Қазақ тілі» қоғамының құрылғанына 20 жыл толуына арналған мерекелік кеш болып өтті. Мәскеудегі «Қазақ тілі» қоғамының шежіресінде бойтұмардай болып қалған ерекше бір естелік бар, ол – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Молодая гвардия» баспасынан шыққан «Без правых и левых» (қазақшасы – «Әділеттің ақ жолы») еңбегін таныстыру рәсімінде «Қазақ тілі» қоғамына зор табыс тілеймін!» деген қолтаңбасымен сыйлаған осы кітабы. Елбасымыздың тілегі қабыл болып, қоғамның қалыптасу сәті жүйелі даму жылдарына ұласты. Еліміздің Тәуелсіздігімен құрдас деуге болатын «Қазақ тілі» қоғамының 20 жылдық тойына арнаған құттықтауында Қазақстан елшісі Зауытбек Тұрысбеков мәскеулік қазақтардың аталмыш ұйымы осы кезең ішінде отандастарымыздың жан-жақты қолдауына ие болып, Ресейдегі танымал қоғамдық бірлестікке айналғаны туралы айтылған; қоғам мүшелерінің ана тілін оқып-үйрену, ұлттық тарихты зерделеу, халықтық мәдениетті, салт-дәстүрлерді дамыту және жас ұрпақты халықтар достығы рухында тәрбиелеу жолындағы істеріне ықылас білдірілген; солардың күшімен шығарылатын «Қазақ тілі» газеті, сондай-ақ «Қазақ тілі» сайты бүгінде Ресей қазақтарының топтасуына айтарлықтай ықпал етіп, ұлттық-мәдени ұйымдар қызметін жан-жақты жазып, ортақ ақпараттық мінбер болып отырғаны атап көрсетілген. «Сіз¬дердің Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, дәстүрлі туысқандық байланыстарды дамытуға, Қазақстанды шетелде таныстыруға қосқан үлестеріңізді, елшілікпен бірлесіп өткізілетін сан алуан мәдени-көпшілік іс-шаралардың ұйымдастырушысы әрі белсенді қатысушысы болып келе жатқандарыңызды атап өту аса сүйінішті» деген ілтипат та бар құттықтауда. Осымен бірге, мерекелік кеште қоғамдық ұйымның жұмысын жетілдіруге айтарлықтай үлес қосқан бір топ мәскеулік қазақтарға Қазақстан елшісінің Алғыс хаттары табыс етілді. Міне, мерекелік кештің тізгінін қолына алған қоғам төрағасы Ә.Тұрсынбаев өз баяндамасында жиырма жыл ішіндегі жетістіктерді шола келіп, «Қазақ тілі» бастамашы болған, қоғам мүшелері күшімен атқарылған бірқатар мәдени-көпшілік іс-шаралар туралы кеңінен баяндады. Мысалы, «Қазақ тілі» қоғамы жанында ана тілін оқып-үйренген мәскеулік қазақтардың балалары жыл сайын Қазақстанда өтетін халықаралық олимпиадаға тұрақты қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүргені ілтипатпен аталды. Соңғы жылдары мәскеулік қазақтардың ұл-қыздары «Қазақ тілі» қоғамы жанынан «Жас қанат» деп аталатын ұйым құрғаны, осы жастардың қазақ мәдениетін насихаттауға атсалысумен бірге, алып мегаполисті мекендейтін замандастарын тарихи отанымыз бен рухани тамырымызды ұмытпайық деген мақсатқа жұмылдырып жүргені айтылды. «Қазақ тілінің» тойы осы аттас газеттің бес жылдығымен тұспа-тұс келді. Мерекелік кеште газет шығару, қоғамның сайтын ашу соңғы жылдары жүзеге асырылған елеулі мәдени жоба екендігіне назар аударылды. Қазір газетті Ресейдің 36 өңірінде тұратын отандастарымыз алдырып тұратыны айтылды. «Газет бүкіл Ресей қазақтарының басын қосуда орасан зор рөл атқарды. Қазір біз барлық қазақ қоғамдық ұйымдарымен тығыз байланыс жасап отырмыз. Отандастарымыз бізге хат жолдайды, хабарлар жібереді, ұсыныс-пікірлерін айтады, үн қосады. Бір ғана «Қазақ тілі» сайтын күн сайын бір мыңнан астам отандастарымыз қарайды», деді қоғам төрағасы өз баяндамасында. Екі он жылды артқа қалдырған «Қазақ тілі» қоғамын Мәскеу Ұлттар үйінің басшылығы, мәдени-ұлттық қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, жазушылар, ақындар, әншілер, сондай-ақ Самара, Омбы, Вологда, Саратов, Уфа өңірлерінен келген қандас ағайындар, басқа да тілекші қауым құттықтады. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Т.Мамашевтың құттықтауы оқылды. Жиналған жұртшылық қазақтың халық әндерінің әдемі әсеріне бөленді, мәскеулік қазақтардың қаршадай балалары қазақша тақпақтармен қуантты. Серікқали БАЙМЕНШЕ. Мәскеу. Егемен Қазақстан Бейсенбі, 5 қантар, 2012 http://www.egemen.kz/323926.html |