Сайт бойынша іздеу

Мақала Мақала "Нұрлы көш" бағдарламасы және шетел қазақтары

11.07.2009 17:53

Қазақстан егемендігін алған соң "Ұлы көштің" басталғаны баршаға аян. Кейінгі кезде көштің бәсеңдегені де рас. Ол заңды да... Осыған байланысты жаңа бағыт-бағдарлама керек еді. Сондықтан "Нұрлы көш" бағдарламасын шетелдегі ағайын жақсы қабылдады. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы жаңадан қабылданған «Нұрлы көш» бағдарламасының ойдағыдай жүзеге асуына тікелей ат салысуы тиіс екені даусыз. 

Қауымдастық шетелдерде тұратын қазақтармен мәдени-рухани, оқу-білім, көші-қон саласында тұрақты байланыс жасайтын республикамыздағы бірден бір халықаралық ұйым. Соған орай, ол шетелдегі қазақ диаспорасына қатысты елімізде жүзеге асырылатын барлық іс-шараларға әрқашан да белсенділікпен ат салысып келеді. Мысалы, Қауымдастықтың тікелей ұсынысының негізінде «Шетелдегі отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды, «Халықтың көші-қоны туралы» заңының да шетелдегі қазақтардың атажұртқа оралуына барынша тиімді болып қабылдануына өз үлесін қосты. 

Бұл ретте мына мәселені де қадап айтқымыз келеді: Шетелдегі сан миллион қазақтардың «Нұрлы көш» бағдарламасына деген сенімі мен артар үмітінің айрықша екені бізге жақсы мәлім. Алыстағы ағайын бұл бағдарлама өздерінің атажұртқа оралуына бұрын-соңды болмаған жаңа мүмкіндіктер туғызады деп сенеді. Олардың бұл сенімі, әсіресе, өткен жылы Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бұрынғы министрі Бердібек Сапарбаев Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына келіп, көші-қон мекемелерінің басшыларының, шетелдегі қазақ диаспорасы мен оралмандардың өкілдерінің басын қосып «Нұрлы көш» бағдарламасын талқылау жөнінде дөңгелек үстел мәжілісін өткізгеннен кейін ерекше арта түсті. 

Бұл мәжілісте «Нұрлы көш» бағдарламасының маңызы мен оны жүзеге асырудың жолдары жан-жақты талқыланды. Қауымдастық өз қарауындағы басылымдар арқылы бұл мәжілістің бүкіл әңгімесін қаз-қалпында шетелдегі ағайындарға жеткізді. Соған орай, қазір сырт жерлердегі қазақ диаспорасы бұл бағдарламаға айрықша қызығушылық танытып отыр. 
Сонымен бірге оны тиімді түрде жүзеге асыруға байланысты өздерінің ұсыныс-тілектерін де білдіруде. Төменде осы ұсыныс-тілектерді бір жүйеге түсіріп, назарларыңызға ұсынып отырмыз.  

Біріншіден, шет елдерден көшіп келетін қазақтар туралы социологиялық зерттеулер жүргізу, (көшіп келушілердің тізімін кім шығарады, біз қандай мамандықтарға зәруміз, олардың білімі, мамандығы, жасы т.т.). Ғылыми іс жүргізу киын, онымен кім айналысады? Қауымдастық жанында ғылыми орталық бар,ол өз деңгейінде ғана жұмыс істеп жатыр. Ғылыми зерттеулер болмай, дұрыс сараптама жасалмай бұл іс алға басуы қиын.
Екіншіден, бүгінгі таңда атажұртқа оралуға ерекше ынта-ықылас білдіріп отырған Өзбекстан, Қытай, Моңғолия және Түркіменстан қазақтары. Тіпті Монғолиядан Атамекенге көшуге бел байлаған 650-ден астам адам тіркеліп, құжаттарын дайындау үстінде. Бұл жөнінде Монғолия қазақтарының мәдени орталығының төрағасы Хабсатар Омарұлы өзі Сіздерге баяндайды. 

"Нұрлы көш" бағдарламасына кіру тәртібі қандай, кім реттейді, Көші-қон комитетінің өкілдері бір елге барған емес. Арада делдалдар жүреді. Мыс: Өзбекстан...

Ал, жоғарыдағылардың ішінде көші-қон жөнінен қиындыққа көп ұшырайтын – Қытай қазақтары. Бұл елден Қазақстанға міндетті түрде виза алып келу керек. Бірақ виза мәселесін шешудің кедергілері көп. Әсіресе, бүкіл отбасымен келудің толып жатқан қиындықтары бар. Бүгінгі таңда Қазақстан мен Қытай арасында көші-қон туралы келісім-шарт жоқ. Және жақын арада ондай келісім-шарттың қабылдануы да екі талай. Сондықтан да Қытай қазақтары Қазақстанға тұрақты тұруға, негізінен, туыстық шақырту жасату арқылы келеді. Қазір мұндай шақыртулар ҚР Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясы басқармасы, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаменті және Көші-қон комитеті арқылы жүзеге асады. Міне, осы үш мекеме бірлесе отырып Қытайдан тұрақты шақыртудың оңайтылған бір жүйесін жасағандары жөн. 

Қытайдың кейбір аудандарында төлқұжатқа кісінің фамилиясын жазбайды. Міне, осындай паспортпен келген қазақтар Қазақстанда фамилиясы жоқ болғандықтан біраз қиындықтарға кездеседі. Осы мәселені де шешу керек. Сондай-ақ, қытай транскрипциямен қате жазылған аты-жөндерін де кириллицаға түсіргенде (Азаматтық төлқұжатын алғанда) дұрыс жазып беруді шешу керек. Мыс: Гүлзира – Гүлизила, Серік – Селике, Шаймұрат – Шаймұлати, Жарқын – Жакин т.т. Мұндай қателіктер барлық елден келетіндерде кездеседі. Жолдас - Джолдас, Омар – Умар, Уатқан –Уватхаан, Бақытгүл – Бахатгул т.б. 

Қытайдан келетін оралмандар Үрімжі қаласындағы Қазақстанның Консулдық бөлімшесінен виза алады. Бірақ осы Консулдық бөлімше дұрыс жұмыс істемейді, жұрт ұзақ уақыт, тіпті бірнеше ай бойы кезек күтеді деген әңгімелер жиі айтылады. Бұл жөнінде Қауымдастыққа арыз-шағым айтып келушілер де баршылық. Жылдағы жағдай қайталануда, негізінен делдалдарға жол беріп отырмыз.

«Нұрлы көш» бағдарламасын жүзеге асыру барысында осы мәселеге де айрықша көңіл бөлінсе дейміз.

Сондай-ақ Қытай мен Монғолиядағы қазақтар атажұртқа өздерінің жекеменшік малдарын алып өткісі келеді. Осы екі елдегі қазақтардың ежелгі асыл тұқымды малдары жақсы сақталған. Оларды Қазақстанға әкеліп өсіру өте тиімді. 1990 жылдардың басында Монғолиядан "Семей импорт" арқылы мал өткізіліп, кейін тоқтап қалды. Егер өз малдарымен келсе Қазақстанға өте тиімді болар еді. Бұған Қытай, Монғолия жақтарынан кедергі жоқ. Ал қарсылық, керісінше, Қазақстанның Ауылшаруашылығы министрлігінің Малдәрігерлік қызмет мекемелерінің және Ресей елі тарапынан болып отыр. Олар жұқпалы ауру болуы мүмкін деген сылтаумен малды шекарадан өткізуге қарсы. Қытай мен Монғолиядан қазақтың ежелгі малын өткізгенше Америкадан тауық етін әкелген жөн деп есептейді. Бұл ретте Ауылшаруашылығы министрлігіндегілер Америкадан тауық етін тасумен айналысатын жекеменшік фирмалардың мүддесін көздейді деген әңгімелер де айтылады. Мүмкін, ол рас та шығар. Әйтеуір, қалай болғанда да, Қытайдан тамақтың да, заттың да неше түрін әкелгенде қазақтың өз малын өткізуге неге тиым салынатыны түсініксіз. Монғолиядан мал кіргізуді де қайта жолға қою керек деп есептейміз.

«Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы осы мәселені бір жүйеге түсіріп шешсек дұрыс болар еді.  

Оралмандарға қатысты және бір үлкен мәселе – тұрақты тіркеуге тұру. Қазіргі кезде оралмандарды көші-қон квотасына қосу, азаматтық беру оп-оңай, тек олардың Қазақстанда тұрақты тіркеуі болса жетіп жатыр деген әңгіме барлық жерде жиі айтылады.

Яғни, оралмандар тұрақты тұратын жерді өздері тауып, өздері тіркелулері керек. Ал Қазақстанға жаңадан келген адам тұрақты тұратын жерді қайдан табады?.. Оларды өз үйлеріне кім тіркеуге тұрғызады?.. Міне осының салдарынан алыстан келген ағайын тұрақты тіркелетін жер таба алмай, квотаға кіретін, азаматтыққа өткізетін құжат жинай алмай ұзақ уақыт әуре-сарсаңға түседі.

Тіпті, бұл мәселені шеше алмай, еріксіз кейін қайтып кетіп жатқан қазақтар қаншама! Осы мәселені бір жүйеге түсіріп реттейтін уақыт әлдеқашан келді. Яғни, шетелден келген оралмандарды тұрақты тіркеу мәселесін шешуді Көші-қон мекемелері өз мойындарына алулары керек.  

Сондай-ақ, және бір күрделі мәселе – оралмандарды жермен қамтамасыз ету. Қазір оралмандарға бөлінетін квотаның саны жиырма мың отбасына жетті деп жүрміз. Бірақ сол жиырма мың отбасының қаншасы үй салатын жер телімдеріне қол жеткізеді?.. Оларға егін егіп, мал өсіретін жер бөлу мәселесі қалай шешіледі?..

Несие алу, баспаналы болу ең үлкен мәселе. Мүмкіндігінше аз мөлшердегі несие алуларына көмектесіп, баспаналы болуына жағдай туғызу аса қажет, негізінен жағдайы барлар Елімізге келіп болды. Ал, жағдайы жоқтар келе алмайды. Сауд Арабиясында бір мыңға жуық қазақтар бар. Қауымдастық пен Елшілік бірлесіп 1998 жылы сол елден 10 отбасын көшіріп алғанбыз, ол кезде бұлар қорқып бұғып қалған, кейбірі кейіннен қосылған дегендей. Енді оларды көшіріп алумен кім айналысады?

Мен Сауд Арабиясына былтыр қазан айында барғанымда сондағы қандастарымызбен кездесіп, оларға қазақ қоғамын құрып, сол арқылы қазақтың тізімін шығарып беріңіздер деген едім, әлі қозғалған жоқ. Барлығы дерлік қазақ тілінен айрылған, өзбек ағайындардың ықпалында жүр, балалары мүлдем мақұрым. Бұлар өмір бойы босқын болумен келеді. Тағдырлары өте қиын. Сол елдегі елшіміз Қайрат Лама Шарифпен жақында телефон арқылы сөйлесіп, бұл жайында ақылдастым. Ол көмектесуге әзір екенін білдіріп отыр. Сондықтан Көші-қон комитетінен, керек десеңіз Қауымдастықтан қызметкер жіберіп, көшіру шарасын дереу қолға алу. Қасиетті жерден биыл кем дегенде 50 отбасын, ендігі жылы қалғандарын көшіріп алу керек. Ал, Ауғанстанда 100-дей отбасы қазақтар қалыпты. Түгел көшеміз деп отыр. Осы мәселемен қашан, кім айналысады? Ағайындарға обал емес пе?

«Нұрлы көш» бағдарламасында бұл мәселеге де айрықша көңіл бөлінуі қажет.

Бүгінгі таңда көші-қонға қатысты жұмыстардың ішінде ерекше кенже қалып отырған – көші-қон процесінің қолданыстағы бар құқықтық-заңдық негіздерін жұртшылыққа, әсіресе, оралмандарға терең әрі жан-жақты насихаттап, түсіндіру. Соған орай оралманның шекарадан өткен сәтінен бастап, азаматтық алып, орналасып, жұмыс істеп кетуіне дейінгі бүкіл шаруалары барынша тез, оңай іске асуы керек.

Сонымен бірге оралманның құқығы және олардың мемлекет алдындағы жауапкершілігі мен міндеттері бір жүйеге түсіріліп анықталуы қажет. Бұл жөнінде көптеген ойландыратын жағдайлар бар.

Бұл ретте ең басты көңіл аударатын мәселе – Елбасының Жарлығымен бекітілген көші-қон квотасының орындалуы. Бұл квота алғандардың тізіміне кімдер кіріп жүр?! Олардың бәрі шын мәнінде Қазақстанға жаңадан көшіп келгендер ме; жоқ, әлде араларында осыдан 5-10 жыл бұрын қоныс аударған, тіпті, әр түрлі жолдармен бұдан бұрын да квота алғандар бар ма?!.

Квотаға кіргендердің арасында аты бар да өздері жоқ «өлі жандар» кездеспей ме?..
Олардың өткізген құжаттары шын ба, әлде жалған ба?!. 
Квота алғандар сол көрсетілген жерлерінде тұрып жатыр ма, жоқ жәрдемақыларын алған бойда оны қалтасына басып, қайтып кетті ме?!. 

Міне, осындай мәселелерге шындап жауап іздесек біраз келеңсіз мәселелердің беті ашылар еді. Яғни, квотаға кіріп жәрдемақы алған оралмандарды тұрақты тіркелген жері бойынша тексеріп көрсек олардың біразының өзі түгілі ізін де таба алмай қалуымыз да әбден мүмкін.

Бұған бір дәлел келтіре кетейік. Бүгінгі таңда оралман ретінде тіркеліп, Қазақстан азаматтығын алуға құжат өткізген және бұл жөнінде Елбасының жарлығы да шыққан, бірақ соған қарамастан Қазақстан паспортын алмай қашып жүрген ағайындар баршылық. 

Ал сонда олардың паспорт алудан қашуының себебі неде?!. Себебі әртүрлі. Кейбіреуі азаматтыққа құжат өткізгенде Қазақстанда тұрақты қалып, азаматтық алуды емес, керісінше әртүрлі жолдармен квотаға кіріп, ақша табуды ғана ойлаған. Кейбірінің алған азын аулақ ақшалары күн көрісінен аспай, не үйі, не жері жоқ, өздері жұмыссыз болғандықтан бұл жерде өмір сүрулері қиындап отырғаны, қайтып кеткендері де бар. 

Азаматтық алғанға дейін тұрақты тұруға мүмкіндік беретін Ықтияр хатқа құжат өткізіп, бірақ кейін одан бас тартып, қашып жүргендер де жеткілікті.

Сондай-ақ, 1992 жылғы № 791 Қаулы бойынша "қазақ куәлік" берілетін. Бұл да күшін жойды. Жалпы дұрыс болмады. Себебі осыған байланысты біршама қиындықтар тууда. "Оралман" куәлігін мойындағысы келмейтін, Көші-қон полициясының қызметкерлері де жоқ емес. Мысалы: Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына көшіп келген Шерікбай Төре деген азамат Қазақстан Республикасының азаматтығына құжат өткізер кезде Есік қаласындағы құжат бөлімінің қызметкері Ақан Бекжан "қазақ" куәлігін талап еткен. Қөші-қон полициясы маңынан жеке меншік кәсіпорын ашқан азаматтар) шетелден келген ағайындардың құжатын толтырып бергені және де анкета үшін деп әрбір адамға 1000 теңгеден сатып отыр. Сол анкетаны делдалдарға бермей-ақ, Көші-қон полициясының азаматтық бөлімі оралмандардың өз қолдарына неге бермеске! Бұл сыбайластықты білдірмей ме? Неге мемлекеттік анкета қай біреулердің қолында жүреді? Қазақстан бойынша етек алған осы үрдісті доғаратын уақыт әлдеқашан жетті. "Оралман" куәлігін мойындамайтындар Әділет басқармаларында да кездеседі. Алматы қаласының Әуезов ауданында дүниеге келген жас сәбидің туу туралы куәлігіне азаматтығы деген жерге ҚХР делініп көрсетілген. Неге бұлай жазасыздар десек, ата-анасы Қытай азаматтары ғой деп жауап беріп отыр. Ресми хат жазып жүріп, ол қателікті түзеттік.

Әрине, делдал таза, дұрыс жұмыс істесе бір жөн; өкінішке қарай, олардың көпшілігі неше түрлі қитұрқы жолдарға барады. Яғни, жалған құжаттар жасауға бейім тұрады.

Мысалы, Қазақстанға келмеген адамның паспортына шекарадан өтті деген жалған штамп басады. Тұрақты тіркеуді де осылай жалған жолмен шешеді.

Соңғы кезде Моңғолия, Қытай сияқты алыс шетелдерден жоғарғы оқу орындарын бітірді деген жасанды диплом жасау да кең етек ала бастады. Туу туралы жалған куәлік жасау да көбейген.

Қазір компьютердің заманы – түрлі мөр, штамп, диплом жасау онша қиынға түспейді. Мұның жолдарын делдалдар шебер меңгерген.
Осындай мәселе көтерілсе квотаға енгізуді арнайы комиссия шешеді деген уәж жиі айтылады. Бірақ ол комиссияның әрбір оралманды көзбе-көз санап, тексеріп отыра алмайтыны айтпаса да түсінікті. Олар, негізінен, түскен құжаттармен жұмыс істейді. Ал құжаттардың шын, не жалған екенін ажырату оңай емес. 

Оның үстіне, шет тілінде жазылған құжатты түсінбегендіктен, көбіне оның нотариус бекіткен аудармасы негізге алынады. Ал нотариус болса құжаттың рас, өтірігіне емес, аударманың дұрыс, бұрыстығына жауап береді.

Міне, осындай шым-шытырық жағдайлар квотаға неше түрлі жалған құжатпен кіріп, тиісті қаржыны алып, бірақ өздері Қазақстанға келмей, не келсе де аз ғана уақыт тұрып, қайтадан кетіп қалуға айрықша мүмкіндік беріп отыр. 

Көші-қон саласындағы мұндай жағдайларға тосқауыл қоятын уақыт әлдеқашан жетті. Соған орай квотаға жаңадан, нақты көшіп келген адамдардың ғана кіруін қамтамасыз ететін және олардың тиісті жәрдемақыны алысымен дереу кері қайтып кетпей Қазақстанда тұрақты тұрып қалуын қадағалап отырудың бір жүйеге түскен механизмін жасап бекіту қажет. 

Нағыз жәрдемақы алатын көп балалы, жағдайлары төмен, ауру-сырқау адамдар квотаға енбей қалып қоюда. Олар сенделіп көп уақыт күтіп, ақыры ҚР азаматтықтары шықты деген желеумен қалып, қиын жағдайда жүрген отбасын айта кетер болсақ: Көп балалы Хибадат Сансызбай деген ақсақал Монғолиядан 2006 жылы көшіп келіп, Алматы облысына тіркелген, кезінде ҚР Президентіне дейін арыз жазып, оған облыстық Көші-қон департаментінің басшылары құр уәде берумен шектелген, ақыры ала алмай осы күнге дейін бізге шағым айтуда. Мұндай адамдар қаншама?Азаматтық алып қойып, квотаға кіре алмаған, әсіресе, көп балалыларға көмектесу керек.Бұл жеке шешілетін мәселе.

Квота бойынша жәрдемақы алып, бірақ өздері Қазақстанға келмей қалатын немесе қайтып кететін адамдардың заң алдындағы жауапкершілігін нақтылау керек.

Бұрын келіп күні бүгінге дейін квота ала алмай жүрген адамдардың барлығының өтінішін қанағаттандырып, нүкте қоюды мақсат етіп отырған Көші-қон комитетінің жоспарымен қоса жаңа заң жобасын да қолдаймыз. 

"Оралман" мәселесіне келер болсақ:
Оралман сөзі Отандас сөзімен алмастырылса құба құп!
Қазақстан азаматтығын алуға құжат өткізген, бұл жөнінде Елбасының арнайы Жарлығы шыққан, бірақ әлі күнге Қазақстанның төлқұжатын алмай қашып жүрген оралмандарды анықтап, бұл мәселені бір жағына шығарып, реттеу керек.
Қазіргі "Оралман куәлігінде" оның "Халықтың көші-қоны туралы" Заңында көрсетілген статусы жазылып көрсетілмеген себепті, кейбір чиновниктердің түсінбеушілігі туындап отыр. Сондықтан Заңға, ережеге өзгеріс енгізілгенде "Оралман куәлігіне" оның статусы жазылуын дұрыс деп есептейміз. 

Ықтияр хат мәселесі де осындай бақылауда болуға тиіс.

Оралмандардың құжаттарын дорбаларына толтырып алып, ауыл, аудандар мен облыстық Көші-қон департаменттер арасында шапқылап жүретін делдалдарды да тәртіпке шақыратын уақыт жетті.

Бұл мәселелерді толық шешуге жалғыз Көші-қон комитетінің шамасы келмеуі де мүмкін. Сондықтан бұған құқық қорғау органдары белсене ат салысулары керек. 

Сөзіміздің соңында айтарымыз, жаңадан қабылданған «Нұрлы көш» бағдарламасының болашағы үлкен. Соған орай бұл бағдарламаны жүзеге асыру барысында жоғарыда айтылған ұсыныстарымыз да ескерілсе дейміз. 

Бүгінгі жиында сырттағы ағайындар өздерін ойландырып жүрген сұрақтарына толық жауап алып қайтады дегенге сенемін.

"Нұрлы көш" атына сай болсын, ағайын!

 
Пікірлер
Біздің сайтқа қандай баға бересіз?
Ауа райы
АСТАНА АЛМАТЫ
11 19