Сайт бойынша іздеу

Баспалар Атажұрт

Атажұрт

"Атажұрт" баспа орталығы

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығы «Мәдени мұра» бағдарламасы төңірегінде көптеген жұмыстар атқарып шеттегі қазақ диаспорасының мәдени-рухани саладағы бай мұраларын жинап, жарыққа шығарып, жұртшылыққа насихаттауда белсенді жұмыстар атқарып келеді. Әсіресе 2000 жылдан бері қарай шеттегі ағайындар және олардың тағдырына қатысты әр түрлі кітаптар шығару ісінде көрнекті нәтижелерге қол жеткізді.

Ел тағдыры мен жер тағдырының қиын сәттері мен «Елім-айлап» өткен қазақ тарихының аянышты кезеңдерін, жер бетіне тарыдай шашылған халқымыздың мұң мен зарын арқау еткен көптеген шығармалар оқырманға жол тартып оң бағасын алды.

Солардың ішінде Дәлелхан Жаналтайдың «Қилы заман, қиын күндер», Сұлтан Жанболатовтың «Елжау Күнби», Батырхан Құсбегиннің «Зуқа батыр», Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел», Жақсылық Сәмитұлының «Қытайдағы қазақтар», Зардыхан Қинаятұлының «Моңғолиядағы қазақтар» (1- кітап), Су Бихайдың «Қазақ мәдениетінің тарихы», Таңжарық Жолдыұлының «Таңдамалы шығармалары жинағы»(І-II том), Бақытбек Бәмішұлының «Тұмарлы таң», Омарғазы Айтанұлының «Тырналар», Қажығұмар Шабданұлының «Пана» және «Қылмыс» (6 том) романдары, Мұхаммед Әбдіқадырұлының «Алыстағы әуендер», Оразанбай Егеубайұлының «Көк бөрі немесе тағдыр тәлкегі», Ерлен Төлегенұлының «Ермен исі», Гүлнар Меңдіқұлованың «Қазақ диаспопрасы: тарих және қазіргі заман»(орыс тілінде), Тілек Дәулетовтың «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының шежіресі» (2 кітап), Серік Қапшықбайұлының «Жоқ», Шынай Рахметұлының «Қарагер», Қазымбек Арабиннің «Аққулар жүзген ақ айдын» кітаптары арт-артынан жарық көрді. Осымен бірге «Таңжарық тағылымы», «Ел мен Елбасы», «Алтын алқа»( Өзбекстан ақындарының жыр кітабы), «Аңсаған атажұрт», «Қоштасқым келмейді» секілді көптеген ұжымдық жинақтар жарық көрді.

«Атажұрт» баспа орталығынан 2007 жылы «Моңғолиядағы қазақтар»-2 (Зардыхан Қинаятұлы), «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы: 15 жыл», «Күнгей бет», «Жүзім бағы», «Жиһаншаһ» (Ақыт Үлімжіұлы), «Ақбота», «Қуғын»( Сейітхан Әбілқасымұлы), «Қытайдағы қазақтар» (Жәди Шәкенұлы), «Қауымдастық - қазақтың бір отауы», кітаптары шықса, 2008 жылы Мағаз Разданұлының «Алтайдың ақиықтары», Асқар Татанайұлының «Ел қорғаны - Абылай», Жақсылық Сәмитұлының «Атамекен», Талғат Мамашевтің «Алыстағы ағайын», Қуанған Жұмаханұлының «Құстар қайтып барады», Ырсалды.Төкееваның «Ой толқыны», Жәди Шәкенұлы құрастырған «Толғауы тоқсан қызыл тіл», «Армысың атамекен» кітаптары басылып шықты.

Бұдан кейінгі жылдары да шетелдегі қазақ диаспоралары арасынан шыққан ақын-жазушылар шығармаларын кітап етіп басып шығару табысты түрде жалғасты. 2010 жылы Қабанұлы Байыттың «Бұрымбибі», Бәмішұлы Бақытбек құрастырған «Байбесік тұмалары», Баянбайұлы Қайролланың «Селкеусіз сезімдер», Уатқан Ботагөздің Оспан батыр туралы «Азаттықтың өшпес рухы», Шаймаран Мұраттың «Еркін аспан өлеңі», Қызыханқызы Нұриләнің «Аңшылық хикаялары», Батыр Дәлелбектің «Тілеп алған қасірет» атты кітаптары өмірге жолдама алды.

Бұдан сырт Елбасының халыққа арналған әр жылғы жолдауы бірнеше тілде кітап болып басылып таратылумен бірге шетел қазақтарына байланысты ән-күйлер, сөздіктер дискі түрінде жарық көріп отырды.

Аталған баспа орталығынан жарық көрген кітаптарды таратуда Қауымдастық жыл сайын арнайы тұсаукесер ұйымдастырып, кітапханалар мен жоғары оқу орындарына, шетелдегі қазақ мәдени орталықтарына тегін үлестіруді дәстүрге айналдырды.

«Атажұрт» баспа орталығының директорлығы мен бас редакторлық қызметін 2007 жылдың соңына дейін белгілі журналист Тілек Дәулетов атқарып келсе, 2008 жылдан бастап бұл жұмысты жазушы Жәди Шәкенұлы атқарды. 2009 жылдың қазан айы - 2010 жылдың шілдесі аралығында «Атажұрт» баспа орталығына жас ақын Ақберен Елгезек жетекшілік етті. Ал, 2011 жылдың сәуір айынан бастап бұл қызметке тәжірибелі журналист Серік Рәсілов (байланыс телефоны: 8 705 888 89  77) бекітілді.

 Үстіміздегі жылы баспадан Ғалыммұрат Хабсатарұлының «Қазақ болмысы», Жүкел Хамайдың «Көшпенділердің қысқа тарихы», қытайлық жас ақындардың «Сан ғасырлық сағыныш» атты ұжымдық өлеңдер жинағы, Орынқазы Мәнбазардың «Ұлар», Сұраған Рахметұлының «Көгілдір шабыт», Мекембай Омарұлының «Төрткүл дүние», Имашхан Байбатырұлының «Қызылтөбе» атты кітаптары жарық көрмек. 

 

 
Пікірлер
Біздің сайтқа қандай баға бересіз?
Ауа райы
АСТАНА АЛМАТЫ
-22 -17