| Алтын бесік |
|
"Алтын бесік" еларалық қоғамдық-саяси, әдеби-көркем журнал
«Алтын бесік» – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жанынан жарық көріп, Қазақстаннан сырт жерлерде тұратын ағайындарға тарайтын басылым. Журналдың бас редакторы – белгілі жазушы-драматург, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев. Журналдың басты міндеті – шетелдегі қазақ диаспорасының әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси саладағы тыныс-тіршілігін жан-жақты көрсетіп, оқырмандарға жеткізіп отыру. Соған орай басылым бетінде «Алтын бесік – Атамекен», «Әлем қазақтар сыр шерітеді» атты айдарлармен жер жүзінің түкпір-түкпірінде тұратын қазақтар туралы тартымды материалдар жарияланады. Басылым шетелдегі қазақ қаламгерлері мен өнер қайраткерлерінің шығармаларын жариялап, жұртшылыққа насихаттап отыруды да тұрақты жүзеге асырады. Шетел қазақтарының ата жұртқа оралуына нақты қолдау мен тиімді көмек жасауды жақсарта түсу үшін өткен жылы «Нұрлы көш» бағдарламасы қабылданды. «Алтын бесік» журналы осы бағдарламаны алыстағы ағайындарға жеткізіп, таныстыруға да ерекше көңіл бөледі. Басылым бетінде шетелдегі қазақ мәдени орталықтарының игі істері мен мақсат-міндеттері жөнінде де үнемі сөз қозғалады. Сондай-ақ, журнал кейінгі жас ұрпақты өз халқының мәдени-рухани қазына-байлықтарын қадір тұтып, құрметтеуге тәрбиелеу мәселесіне де ерекше көңіл бөледі. Бұл жөніндегі тартымды дүниелер «Ата-баба мұрасы», «Жас ұрпақ – жарқын болашақ», «Балаларға базарлық» атты тақырыптармен жарық көреді. Алыстағы ағайындардың өтініш-тілектеріне орай кейбір материалдар латын жазуымен беріледі. «Алтын бесік» журналының жарық көруіне Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті арнайы тапсырыс беріп, қолдау көрсетіп келеді. «Алтын бесік» журналы атамекен мен әлемнің әр түкпірінде өмір сүретін ағайындардың арасын жалғастыратын, бүкіл қазаққа ортақ басылым болуды мақсат етеді. Редакцияның мекен-жайы: |